Сенат митинг туралы заң жобасын мәжіліске қайтарды

Сенат депутаттары заң жобасын талқылау барысында жекелеген баптарға өзгеріс енгізді.

Сенат митинг туралы заң жобасын мәжіліске қайтарды




Сенаттың жалпы отырысында "Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заң жобасы қаралды

НҰР-СҰЛТАН, 14 мамыр – Sputnik. Сенат мәжіліс мақұлдаған бейбіт жиналыстар туралы заң жобасына бірқатар түзету енгізіп, төменгі палатаға кері қайтарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Заң жобасы Конституцияның 32-ші бабында бекiтiлген, қазақстандықтардың бейбiт әрi қарусыз жиналу, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткiзуге және тосқауылдарға тұру құқығын жүзеге асыру кезiнде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеудi көздейдi.

Сенат депутаттары заң жобасын талқылау барысында жекелеген баптарға өзгеріс енгізді.

Мәселен, заң жобасына сәйкес, бейбiт жиналысты ұйымдастырушы митингке қатысушылардан өз бетiн бүркемеудi, оның iшiнде бет әлпетiн тануға кедергi келтiретiн киiм-кешектi және өзге де заттарды пайдаланбауды талап етуге мiндеттелген.

Сонымен бірге, бейбiт жиналысты өткiзу кезiнде ұйымдастырушыға бет-әлпетiн тануға кедергi келтiретiн киiм-кешектi және өзге де заттарды пайдалануға тыйым салынған. 

"Депутаттар ұйымдастырушыға мiндеттелiп отырған бұл нормаларды алып тастауды ұсынады. Себебі кей жағдайда бейбiт жиналысқа қатысушылардың денсаулығын сақтауға байланысты жеке қорғаныш құралдарын пайдалану қажеттілігі туындауы мүмкін. Мұндай жағдай орын алған кезде заң жобасының аталған нормалары азаматтардың құқығын шектейді", - деді сенатор Сәрсенбай Еңсгенов.

Сенат депутаттары бейбiт жиналысқа қатысушыларға өз денсаулығын сақтау үшін жеке қорғаныш құралдарын пайдалануға мүмкiндiк беруді ұсынып отыр.

"Заң жобасын талқылау барысында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу үшiн арнайы орындарды белгiлеу және оның санына қатысты сұрақтар туындады, ол қоғамда да кеңiнен талқыға түстi. Мәселені қарап, комитет астананың, республикалық маңызы бар және облыс орталықтары болып есептелетiн қалалар мен олардың құрамына кiретiн аудандарда арнайы орындар мiндеттi түрде орталықта орналасуы және олардың саны үшеуден кем болмауы тиiс деген шешімге тоқтады", - деді Еңсегенов. 

Бейбiт жиналыстарды тоқтату негiздерi мен тәртiбi 18-бапта көзделген. Осы баптың 1-тармағы 3-тармақшасына сәйкес, бейбiт жиналыстарға қатысушылардың күш қолдануы, сондай-ақ бейбiт жиналысты ұйымдастырушының заң талаптарын бұзуы митингті тоқтатуға негiз болады.

"Бұл қоғамдық тәртіп, денсаулықты сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандығын қорғауға бағытталған маңызды норма. Оның заңда орын алуы жөн. Дегенмен, заң бұзушылық жойылған жағдайда, бейбіт жиналысты жалғастыруға мүмкіндік беру керек деген ойдамыз. Сондықтан жоғарыда аталған норманы алып тастау және 18-бапты жаңа 4-тармақпен толықтыру ұсынылады", - деді сенат депутаты.

Сенат енгізілген түзетулерді қолдап дауыс беріп, заң жобасын мәжіліске қайтарды.



Әрі қарай оқу: https://sputniknews.kz/society/20200514/13965924/Senat-miting-zan-zhobasy.html